8 (7262) 45 32 50
Совет одағының батырлары / Сәду Шәкіров
1922 ж жылдың 10 қазанында Жамбыл облысы, Талас ауданы, Кеңес ауылында дүниеге келген. 1937 жылы Жамбыл облысы, Талас ауданы, Кеңес ауылындағы 9 сыныптық мектепті тәмамдаған соң, 1938 жылы комсомол қатарына өтіп, Кеңес ауылында колхозда жұмыс істейді.
1942 жылдың 3 ақпанында Қызыл Армия қатарына шақырылады. Орталық майдан, 106-Забайкалье атқыштар дивизиясының 188-Аргунск атқыштар полкінің бірінші батальонындағы І-ротаның қатарындағы сарбаз болған.
1943 жылдың 15-қазаны. Түн мезгілінде десантшылар үн-түнсіз қайықтар мен салдарға отырып, бұйрықтың ең соңғы сөздерінен кейін арғы жағалауға өту басталды. Салдардың бірінде қатардағы жауынгер Сәду Шәкіров те бар еді. Жағалауға жетуге 40 метрдей қалғанда ержүрек жауынгерлерді фашист солдаттары байқап қалып, қарудың барлық түрінен оқ жаудыра бастады. Командирдің тапсырмасы бойынша Сәду Шәкіров Днепрді бірнеше рет кешіп өтіп, пулеметшілер мен байланысшыларды оң жағалауға өткізеді. 1943 жылдың 16-қазанында таң атысымен біздің жауынгерлер Лоевоның оңтүстік-батысындағы биіктікте орналасқан жау әскерлеріне шабуыл жасайды. Бұл биіктікке бірінші болып жеткен Шәкіров Қызыл Туды сонда орналастырады.
КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Қаулысымен 1943 жылдың 30 қазанында Шәкіров Сәдуге Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.