Естеліктер / Райқұлов Мақсұт

Райқұлов Мақсұт

           Ұлы Отан соғысының ардагері Райқұлов Мақсұттың естелігі:

Совет армиясы неміс-фашист жендеттерін шайқастарында талқандауы Совет әскерлерінің жаппай қаhармандығы, ерлігін және табандылығын бүкіл дүниежүзіне көрсетіп берді. Бобруйск түбіндегі қанды төгістің аяқталғанына 50 жыл болды. Бірақ алыста қалған сол күндерді еске алсам, өткен күндер көз алдымда күні бүгінге дейін тұра қалады. Мен алғаш рет ұрысқа Москва түбінде кірдім. Неміс-фашист басқыншылары Отанымыздың жүрегі Москва қаласының түбіндегі шайқаста жараландым. Госпиталдан жазылып шыққан соң алты айлық барлаушылар курсын бітірдім. Одан кейін 108-ші дивизияның барлаушылар ротасына келіп қосылдым. Өлім мен өмір белдескен әр күн ер жігіттің ары мен намысын сынайтын оқиғаларға толы болды. Бірде сені батальон командирі шақырып жатыр деп байланысшы солдат жүгіріп келді. Мен блидажға келсем капитан Семенов қасындағы кіші командирлермен бірге картаға қарап отыр екен. Аға сержант Райқұлов саған бір аса жауапты да қиын  міндет жүктегелі отырмыз. Өзің сенетін үш-төрт барлаушыларды алда барып жаудың адам саны мен соғыс техникасын біліп қайт деді. Александр Матвеевич Улебко бастаған үш-төрт жауынгер жігіттермен Золотое дно разьезін бетке алып жүріп келеміз. Батальонның мақсаты теміржол торабы түйіскен осы разьезді тез басып алу керек екендігін кейін білдім.

Бұта бұтаны тазалап разьезге жақындап қалған кезде танк, зеңбірек тиелген эшелондар бірінен соң бірі шығысқа қарай ағылып өтіп жатыр. Қою қараңғы түнде прожекторлар тіміскілеп қыбыр еткен жанды маңына жуытатын емес. Александр енді сенің күнің туды, мына шөптің арасымен еңбектеп бар да орталық линияның астына минаны көм дедім. Мен оны немістер көріп қалған жағдайда қорғайтын болып келістім. Александр тез еңбектей жөнелді. Сол кезде Мочилов жақтан соғыс техникасын артқан бір эшелонның разьезге жақындап келе жатқанын байқадым. Александр тез үлгерсе екен деп дегбірсізденіп отырмын. Міне Александр бері қарай жылжып келеді. Мақсұт бұл арадан тезірек кетейік. Кәзір фашисттердің анау эшелонның күлі көкке ұшады деді. Біздер тез шегініп орман ішіне келіп жасырындық. Бір кезде разьезд маңы жер сілкінгендей астан-кестен болды. Немістер бұл сойқаның қайдан келіп қалғанына түсіне алмай бет алды оқ атып жатыр. Ендігі мақсатымыз қалайда осы жерден тіл алып қайту болды.

Не керек, сол жолы үлкен қиыншылықпен немістің бір ефрейторын қолға түсіріп батальонға аман есен жеттік. Кейін полк штабындағылар әлгі ефрейтор көптеген құнды мәліметтер хабарлағанын айтты. Бұл біздің батальонның әлгі разьезді тез басып алуына жағдай жасады. Белорус ССР-ның Кирова, Сухинчи және Жолбы қалаларына шабуыл жасай отырып, барлау жүргізудің не екені бізге түсінікті еді. Мұндай барлауға бұрында бірнеше рет қатысқанбыз. Әрине дұшпанда қарап қалмайды, атыс ұяларынан оқ жаудырды. Бар мәселе осында. Мен окоп-окоптың арасымен бөлімшелерді аралап шықтым. Әйтеуір окоп деген аты болмаса іші суға толып кеткен. Жауынгерлер оны елер емес, тырып етпестен жау бекінген траншеяларға көздерін қадап алдағы шайқасты күтіп отыр. Сержант Путехов атылатын мысықша бір уыс боп жиырлып қалыпты. Оған басты міндетті түсіндірдім де Проның бөлімшесіне бардым. Мұндағы солдаттардың да жамбастары салтақ-салтақ. Аға сержант Улезко бәз-баяғы дағысынша жинақы. Тіпті бақалардан бөлек жағдайда құрғақ төсеніш жатқандай үсті-басы таза, жауынгерлерде тас-түйін. Сол қанатымызда Носконың ротасы. Оларда шабуыл белгісін күтіп жатыр. Батальон комсоргі Василий Иванович сол взводта екен. Мен өз взводымның орта тұсында орналасқан Пронин бөлімшесіне келдім. Айтулы уақытта артымыздан қызыл ракета атылуы ақ мұң екен, орнымнан атып тұрдым. Бүкіл рота ду ете түсті. Ура-а-а! Гитлершілер тап иегінің астынан совет әскерлерінің шыға келуін күтпеген болса керек алғашқыда қатты сасып қалды. Бірақ естерін тез жиып үлгерді де, алдымен сол қанаттан шабуылдап, траншеяларға таяп қалған Носконың взводына оқ жаудырды. Алғы лек баудай түсті де соңғы жағы кейін шегінді. Біздің взводтың  оншақты жауынгері де бұрылып артқа қарай қашты. Тоқта, қайт кейін деп бұйрық бердім. Өз даусым өзіме біртүрлі жат естілді, ашуға булығып кетсем керек қолымдағы автоматты көлденең ұстап жүгіріп артқа шегінгендердің алдына шықтым. Неге өйткенімді өзімде білмеймін, олардың бастарынан асыра бір дүркін оқ аттым да «Тоқта, жатыңдар» деп команда бердім. Фашисттердің траншеясымен блиндаждарынан қуып шығуға асықтық.

Пронин бөлімшесінің қимылы ерең, Сергейдің пилоткасы тіпті шалқайып кетіпті. Ой азамат-ай, сойылдың соғысы болса ғой, бір өзі бір қолды тұсатып-ақ салар еді-ау деймін іштей. Траншея жаудан босай бастады. Екі ротада шабуылға көтерілген еді. Біздің взводқа батальон командирі бірінші жетті. Ол менің бар қимылымды бақылау пунктінен көріп отса керек, келе мені құшақтап: «Рахмет бауырым, рахмет» деді. Бізді бұл шептен сығып шығаруға дұшпан енді жандарын салады. Таяу жерден снаряд жарылып біз жатқан жерге маған оң аяғыма жарықшағы тиіп жараландым. Барлаудың түрі көп-ақ. Соның бірі алғы шепті барлау бұдан жаудың шептегі нақты ертең көтеріле қалғанда оқ ататын, қарсылық көрсететін күшін, әскерін, қарудың түрі мен санын адам күшін анықтайды.

1944 жылдың май айының орта шамасында Ленин орденді Қызыл тулы 108-ші атқыштар дивизиясына қарасты 407 полкке екінші рет госпиталдан жазылып келген кезім еді. Рагочев деген жерге жайғастық. Оның жан жағындағы ормандар мен ашық алаңдарынан көктем иісі анқиды. Таң ертеңгілікте шоқ тоғай ішінде құстар улап шулап жатады. Шынайы махаббат жайлы да ұрыс аралығында майдангер жігіттерден талай татымды әңгіме естідім. Сол кезде сүйген қызынан хат келсе жауынгердің рухы көтерілетін. Сонда кейбір жігіттер өлеңдетіп жіберетін. Жігіттер бүгінгі ұрыстан алған әсерлерін айтып енді махаббат туралы әңгімеге ауыса бергенде мені 407 полктің командирі подполковник шақыртты. Әскерлік тәртіп бойынша блиндажға кіре бере, аға сержант отыр деді. Менен бұрын батальон комсоргі Василий Иванович отыр екен. Подполковник Ищенко алдында жатқан картаға үңілді. Бір-екі нүктені қаламмен түртіп саусағымен басты да, мұнда қара жолдас комсорг. Мына өзен Проня. Арғы беті жау жағы. Барлауға барасыңдар, жаудың тылын Рагочев қаласы арқылы айналып өтіп мына тұрған Бобруйск тас жолына шығасыңдар. Осы жолдың бойына аман жетсең одан шығынсыз қайтып оралсаң тапсырма орындалды дей бер. Барлық міндет осы. Мерзімі үш күн. Бір күн әрі, бір күн бері, бір күн барлау. Төртінші күні өзеннен өтер жерде күтемін,- деді подполковник. Ал енді екінші тапсырма партизандармен жергілікті халықпен тілдесіп сендерден бұрын кеткен барлаушылар тобының тағдырын білесіңдер. Қайткенде де тіл әкеліңдер.

Батальон комсоргі екеуміз ағаш арасында орналасқан взводқа келдік. Түстік тамақ ішіп көңілді отырған солдаттар қандай жаңалық әкелдіңдер дегендей үнсіз маған қарап қалыпты. Менде үн жоқ. ТТ пистолетімді тазалап кабурына салдым да, жолға әзірленіңдер – деп взводты сапқа тұрғыздым. Солдат деген шапшаң халық. Екі-үш минут өтпей сапқа тұрды. Взводтан он солдатты іріктеп алып барлауға барамыз. Барлауға баратындар партиялық, комсомолдық билеттерді үйден келген хаттарды, фотосуреттерді басқа қағаз заттарды жинап беріңдер. Барлық заттарды парторгке тапсырдық. Қалған жігіттерге сендер біз келгенше сау саламат болыңдар,-деп біздер барлауға жүріп кеттік. Кімнің қандай хәлде екені белгісіз. Бізде аты жөн, есіміміз фамилямыз жоқ. Бәріміздің аттарымыз біреу-ақ. -«Алма». Жолдас подполковник маған сеніп тапсырған атқыштар взводының жауынгерлері барлауға шығуға әзір. Баяндап тұрған взвод командирі аға сержант Райқұлов дедім. Жақындай беріп жауынгерлерді бастан-аяқ шолып өтті де оқ пен тамақ, қарудан басқа нелерің бар. Тамақты қанша күнге алдыңдар? деді подполковник. Тамақ үш-төрт күндік. Рациядан басқаның керегі аз дедік. Подполковник мен күн сайын сағат он екі шамасында шақырамын. Жауап біреу ақ. Код бойынша айтасыңдар мен бұл жақтан «алма», «алма» деп екі рет айтамын. Сендер «он екі», «он екі» деп өздеріңнің сандарыңды түгел айтасыңдар. Түсінікті ме? жолдас аға сержант. Подполковник Ищенко аитты қараңғы түскен бойда өзеннен үрмелі қайықпен өтесіңдер. Қайықтың желін шығарып арғы бетке ешкім көрмейтіндей етіп тығып қоясыңдар. Қайтарда да сол жерден өтесіңдер. Тосқауыл болса күтесіңдер деді.

Біздер барлаушылар қайыққа отырып, арғы бетке шықтық. Орманнан ондағы ағаштан басқа жанашыры, панасы жоқ оны екі жауынгер қараңғы түнде қара орманды сағалап солтүстікке бет алдық. Қабағын қарс жауып түксие түнерген түн. Айнала оқ зуылдап, снарядтар түн қараңғысын қақырата қақ жарып, күрс күрс жарылып жатыр. Жүріп келеміз алыстан аспанға ракета атылады. Кішкене қолшаммен шығалап компосқа қараймыз. Беталысымыз түзу. Қалың тоғай батпақ. Ең алдында мен, Сашка ортада, Василий саптың соңында Сергей мен Жамбылдық Улезко Александр Матвеевич. Аяқ басқан сайын қәуіп бар. Батпақтан адасуда жаудан ойда жоқта кездесіп қалуда мүмкін. Барлаушы арнаулы тапсырмамен жорықта жүргенде еш нәрсе ойға келмейді. Міндетті орындаудан басқа ешбір арман болмайды.

Таң алдында естіген атыс мотор дауысы түске жақын сап болды. Шаңқай түсте демалдық. От жағу өз өзіңді ұстап берумен бірдей. Барлаушылар отырған орманның үстімен үш-үштен төрт топ юнкерістер жасағы ұшып өтті. Барлаушылар тобы Бобруйск тас жолына жақындай түстік. Машина даусы қайта естілді, жата қалдық. Бір бірімізге еңбектей жақындай келіп мыныған келістік. Бір екі жауынгерді жолдың бойында жарты сағаттай барлап, содан кейін ғана топты жақындатамыз. Мен кім барады деп едім, Сашка мен деді. Сашка, Александр жарты сағаттай жол бойында барлап қайта оралды. Көрініп тұрған қауіп жоқ, аға сержант деді. Мен жолға шығуға дайындаалыңдар дедім. Артынша жолмен екі екіден төрт ат жеккен екі арба өтті. Екеуінде де жеті-сегіз неміс солдаты бар. Менің қасымда жатқан Сергей оған ерік берсең қазір қимылдап арбаны қиратып солдаттарды жойып жібермекші. Жата қалып алға қарадық. Бізден көп болса бес-алты жүз метрдей жерде. Тоғай арасындағы шағын алаңда екі неміс солдаты сойлесіп тұр. Өздері емін еркін, ештеңемен ісі жоқ. Барлаушылар тез төрттен екі топ, бірінші топ тіл алушылар, екінші топ қорғайтындар басқа қалған барлаушыларды орманның терең түкпіріне қауіпсіз жерге жібердік. Бірінші тіл алушылар тобына Василии, Александр, Сергей мен төртеуміз. Ағашты бұтаны қимылдатпай бір-бірінің ізімен кейде еңбектеп бастадық. Алда тұрған екеуі ештеңені сезер емес. Тіл ұстайтын алдыңғы төртеуміз жақындап қалдық. Екеудің біреуі түргеп тұр. Біреуі кесілген ағаштың діңгегінде шылым тартып отыр. Ойлапта қарапта үлгергеніміз жоқ, бәріде тез шапшаң болды.

Бәрі ойлағандай сәтті шықты. Бірін мен бірін Василий қолтықтап алып келеміз. Александр мен Сергей екеуі арқасына көтеріп келеді. Бірі солдат, бірі офицер. Әсіресе офицердің сұры қашып кетіпті. Өзі де ашаңдау жұқа жігіт екен. Көзі топалаң тиген қойдың көзіндей  алақ-жұлақ етеді. Оған назар салуға мұрша жоқ. Олжа мол, бір шаршағаны да, қарынның ашқаны да ұмытылды. Жүгіріп келеміз, ымырт үйіріле бергенде Сашкаларды таптық. Бұларды көріп қуанып қалдық. Осы түні бұрынғы он екі жауынгер он төрт болып туні бойы жүгірдік. Тоғайда біраз дем алдық. Үлкен жермен сөйлестік. Артық сөз жоқ. Он екі он екі деп жауап бердік. Үлкен жер өмірде тірі жүргенімізді білді. Ал енді таң атпай межеге жету керек. Біраз дем алып отырғанымызда жерлес Василий Иванович бірінші тапсырманы орындадық қой. Бірақ әлі орындалмаған іс бар. Командир полк подполковник Ищенко бұрынғы барлаушылар тобын жергілікті халықтан сұрастырып, солардың тағдырын біл деген жоқ емеспе? Табамыз қарастырамыз деді Василий Иванович. Кезекті демалуда Сашка мен Сергейді төңіректі барлап қайтуға жібердім.

Екеуіде сезімтал байқағыш, ақылды жігіттер Сашка жиырма жаста, ең үлкені Николай 25-те, өзі Шымкент облысынан, неміс тілін біледі. Мамасы неміс тілінен сабақ береді екен. Неміс тілін білгені үшін біз оған рацияны сеніп тапсырғанбыз. Сашка жарты сағат өтпей жүгіре басып қайта оралды. Тоғайда саңырау құлақ теріп жүрген екі адамды көргенін айтты. Мен Сашканы алып бұтақ бұтаны тасалап жақын келіп көкек көкек деп дыбыстадым. Кәрі кісі екен. Сақ екен дауысқа жалт қарады. Орман адамды дауысты тез айырады. Біздің көкегімізді жасанды екенін бірден-ақ сезді. Мен мұнда кел дедім. Қарт кісі именбей емін еркін келді. Мен село жайын сұрадым. Әзірше тыныш, жауда партизандарда анда санда келіп тұрады деді қарт кісі. Бүгін таңертең олар осында келген кезде бір әйел, бір еркек оңтүстік шығысқа қарай кеткен. Өте сақтықпен кетіп барады деді қарт кісі. Ал енді алда кеткен екеудің кім екенін білуге асықтық. Барлаушылардың бір қасиеті ізшілдік. Мал баққан, далада өскен адам ізшіл келеді. Біздер көп жүрдік, бес-алты шақырымнан соң батпаққа тіреліп, енді соны айналып өтпек болған екі ізге тап болдық. Бірі үлкен, екіншісі кіші. Бұл әлгі қария айтқан екеуі екені дәлелденді. Жүрген сайын із анықтала жаңара берді. Мен Сашкаға не көріп келдің дедім. Тез алға түс дыбыс білдірмей, қуып жет те тоқтат дедім мен. Ол алға қарай зыта жөнелді. Ұзай қоймаған болар деп жүгіре басып келеміз. Арқасына алтын арқалап келе жатқандай келіншек мәз. Ағаштың тасасына екеуі отыра кетті. Өзіміздің адамдар екенін білдім.      Сақал өскен, үсті-басы кірлеген, беті сопақтау, орта бойлы сары, орнынан тұра беріп аға сержант Райқұлов, біз Калуга қаласында барлаушылар мектебін бірге бітірген жоқпызба, деді сары жігіт. Мен не дерімді білмей, артынша ойға келтірсем Борис дейтін жігіт. Екеуміз құшақтай амандастық. Бір айдан бері өте алмадық. Жол таппадық. Жігіттерді партизандарға қалдырдым. Өзім мына бір қызды жолшы етіп алғы шепке беттеп келемін деді. Василии Иванович үшінші тапсырмада орындалды, қандай жақсы болды дедім. Ендігі мақсат арғы бетке шығып «Алма» десек болғаны тапсырма орындалғаны. Біздер кеш болып қараңғы түскенше күттік. Тылға өтерде жасырып кеткен қайықты тауып өзенге түсірдік. Ең алдымен екі тұтқын мен Бористің қасындағы қызды өткіздік. Қайық қайта барып Василиидің тобын алып келді. Жағада аздап аялдап алғы шептегі штабқа бет алдық. Ленин ордені Қызыл Тулы 108-ші дивизияның қарамағындағы 407 атқыштар полкінің командирі подполковник Ищенко Степан Данилович штабтың қасынан қарсы алды. Жолдас командир барлаушылар кезекті барлаудан оралдық. Тапсырма түгелдей орындалды. Екі адам тіл алдық. Бұрынғы кеткен барлаушылардың командирін ала келдік. Шыққан шығын жоқ. Баяндап тұрған атқыштар взводының командирі аға сержант Райқұлов дедім. Бүгін ертең жақсылап демалыңдар. Сендерге тамақ әзірлеп жатыр. «Рахмет жігіттер, жарайсыңдар» деп ризашылығын айтты. Подполковник Степан Данилович аға сержант Райқұлов Мақсұт жаудың тылында неше күн болдың деді подполковник. Мен төрт күн жолдас подполковник. Міне осы үйде төрт күн демаласыңдар. Тамақ болады, жаңадан киім беріледі. Моншаға барасыңдар. Мына тұтқындарды дивизия штабына тапсырамыз деді подполковник. Кейін дивизия штабында тексергенде әлгі офицер мен солдат, Рагочев, Бобруйский қалаларын неміс фашисттерінен азат етуде көптеген құнды мәліметтер берген. Біз барлаушылар неміс-фашисттерінің әскерлерін қай жерде, қай орманда орналасқанын картаға түсірдік. Мен барлаушыларға одан да барлығымыз бір жылда туылған екенбіз, бүгін туған күндерімізді атап өтейік дегенім сол-ақ екен барлаушылар аға сержант дұрыс айтады деп бір ауыздан үйді басына көтеріп кете жаздады. Ал жолдастар қарнымыз тамаққа толмай тұрғанда жеңіл күйінде командир аға сержант Мақсұтты аспанға көтеріп алыңдар деді комсорг батальон аға сержанты Василий Иванович. Мені аспанға бірнеше рет лақтырып қағып алды. Осыдан соң тамаққа отырдық. Барлауға барған комсорг батальоны Василий Иванович Шепиленко қазір Талдықорған қаласында. Путехов Сергей Александрович Москвада тұрады. 407 полктің командирі подполковник Ищенко Степан Данилович 1976 жылы Одесса қаласында ауыр науқастан қайтыс болды. Барлаушы Жамбылдық Улезко Александр Матвеевич те бірге болған жігіттердің бірі. Қазір Жамбыл қаласында тұрады. Сол бір қанды соғыстағы естен  кетпес сұрапыл күндерден бері 50 жылдай уақыт өтті-ау.

Қорғаны құрш тәрізді терең ордың алдымен тікендей болат сым тартып, әрбір жүз метр бойына шойын доттар орнатқан. Дот сайын долы пулемет өңешінен от төгіп, улиды да тұрады.

Ирелеңдеп аққан өзеннің аласалау келген шығыс жақ беткейінде Ленин орденді Қызыл тулы 108-ші атқыштар дивизиясына қарасты 407 полк орналасқан. Бекініс алды тек қана селдірлеу біткен қарағай. Мұндай кездерде сөз кезегі артиллеристерге беріледі. Сарлау ұрысының барысында жеріміз аласа болғанымен, үстемдік етер биікте тұрған дұшпаннан біздің күшіміздің басым екендігі айқындала береді. Осындай мазасыз түндердің бірінде бізге берілген тығыз тапсырма Бобруйск қаласындағы Березина өзенінне өтіп, арғы беттегі бекіністе жатқан военный тұтқындарды босату және Бобруйск станциясын азат ету болды. Сонымен қатар Бобруйск қаласын айналып өтіп, өзеннің батыс жағасына шығып, неміс фашисттерін кейін жібермеу еді. Бұл міндет біздің 407 полкке жүктелді. 27 июнь күні кешке қарай 407 полк бөлімшелерінің айбынды гвардейцтердің  көгілдір өзенінен көктей өтіп, жау жақтан табан тірер жер алған болатынбыз. Қара жүрекке бойлата түйреген зауал найзасындай жау бекінісін бұза жарып қорғандағы тұтқындарды босаттық. Біздің жауынгерлер енді Бобруйск станциясын босатуға бет алдық. Германияға жіберуге дайындаған төрт мыңнан астам қызды босаттық. Біздің бөлімшелер дивизия командирінің бұйрығымен Бобруйск қаласының батыс жағына шығып, неміс фашисттерінің жолын тостық. 28 июнь күні кешке қарай жаудың артиллериясын еселеп, дүркіндете оқ төкті. Снаряд үнінен құлағың тұнады. Аспан шатынап жарылғандай. Бәсекелесе атқыласқан зеңбіректердің жарылған снарядтардың дауысынан тау бұзылып, тас жарылғандай айналаны азаннан бері күңірентуде. Көкте жемтік үстінде айналған қара құстай қалқып ұшып жүрген самолеттер. Шеңберді біраз айналып, жердегі нысананы көргенде олар құйрығын жоғары көтеріп, құлап төмен зуылдап барып бомбаларын құмалақтағандай тастай беріп, қайта түзеліп өрши-өрлеп кетеді. Жарылған бомбалардың сарыны  күннің күркірегеніндей гуілдеп естіледі. Барлығымыздың екі көз, қос құлағымыз алда. Соғыс ойраны сағат сайын өршіп, дабыл үстіне дабыл қаққандай күңіреніп, орман үстіне будақ-будақ қара түтін көрінеді. Бізге жақын жерге үлкен снаряд түсті. Бір зенит зеңбірегі расчетінің тас талқаны шықты. Көз алдымызда командир лейтенант Житемиров қазаға ұшырады. Жау 15-20 минуттай бас көтертпей ұрды. Немістер бізге ішке қарай сұғына түсті. Дегенмен, біздің жауынгерлер бірнеше рет тойтарыс берді. Бауырлар танк келеді. Сақтаныңдар! деген әлдекімнің даусы естілді. Қадау-қадау өскен бұта арасынан гүрілдеп келе жатқан танкілер шоғыры көрінді. Дұрыс шешім қабылдамаса жағдайдың күрт өзгеріп кетуі мүмкін. Менің командамды тыңдаңдар деген Мересиев комбаттың қахарлы даусы абыржып сасқалақтай басқаларды селт еткізді. Окопқа шегініңдер! Тез! Тез! Бұл кезде танктердің қысқа ұңғысынан снарядтар атыла бастады. Көк көйлекті немістер де ырғи секіріп алға қарай қадам басуда. Сауыт бұзар жауынгерлердің шағын тобы танктердің жолын бөгеуге қалды.

Мұп-мұздай темір құрсанған тажалдар ыңырана жақындап келеді. Шағын қорғаныс шебінен алғашқы оқ атылды. Танктің мұнарасына тиген оқ қып-қызыл от шашып тайып кетті. Тесіп өте алмады деді Василий Иванович окоптан мойнын созып. Бұл кезде басқа жауынгерлерде қорғаныс шебіне келіп үлгерген еді. Біздің зводтың максим пулеметінің таңдайы тақылдап, сауыт бұзғыш жігіттерге ұмтылған немістердің жолын кесіп тастады. Төрт жауынгер кейін шегінді. Алғашқы танктің бензобагіне сауыт бұзар оқ дәл тиді де іле-шала қып-қызыл жалынға оранды. Екіншісінің жылан бауыры быт шыт болып сол күйі тұрып қалды. Лезде қос танкті қиратқан екі жауынгер жер бауырлай еңбектеп жылжыды. Сол сәт қастарына снаряд жарылды.

Топырақ тозаңы сейілгенде ғана қорғаныс шебіндегілер әлігінде танкілердің жолын бөгеп, ротаны құрып кетуден сақтап қалған екі жауынгердің қаза тапқанын көрдік. Бар сырын ішіне бүгіп, бауырластар бейітіне есімдері беймәлім қаншама батырлар мәңгі ұйқыда жатыр. Содан бері 40 жылдай уақыт өтседе мен сол екі жігіттің ерлігін ұмыта алмаймын. Олар кейін наградаға да ұсынылмай қалды ғой деймін. Өйткені сол 29 июнь күнгі шайқас өте қырғын болды. Соғыста ротада саусақпен санарлықтай адам қалдық.

Соғыстың мұндай қатаң заңына қарсы шара таба алмайсың. Ел басына күн туғанда бар қиындықты қайыспай көтерген сол сондай жігіттер ғой. Міне керемет! Атысты подполковник Ищенконың өзі басқарып отырған болу керек деді. Қуанғанынан Василий Иванович ал біздің взводты шейіт болды деп отырған шығар. Олда мүмкін деп күрсіне жауап берді. Комсорг батальон сол табандылықтың арқасында неміс фашистерін батысқа қарай жібермей, тұтқынға түсіре бастады.

29 июнь күні сағат 5-6 шамасында барлық соғыста дивизия бойынша таныстала бастады. Көптеген немістердің солдаттары мен офицерлері амалсыздан пленге түсе бастады. Төрт мыңнан астам өліктерін тастап, екі мыңға жуық солдат офицері тұтқынға түсті. Оның ішінде 9-ші неміс армиясының генерал начальнигі қолға түсті. Ерлікпен қаза тапқан 9-ші танкінің генерал мойоры Бахаров. Командир взвода разведчик Чащин, новодчик 76 орудия Тихомиров басқа да ер жігіттер. 29 июнь күні ертеңгісін Бобруйск қаласын неміс-фашисттерінен азат еттік.

 Қазақстандықтарға орден тапсырғандар арасында: Носко Иван Андрейвич, Савин Леона Петрович, Пронин Иван Константинович, Шениленко Василий Иванович еді. Жерлесіміз жамбылдықтар: Улеско Александр Матвеевич, Қалтаев Баймұхан, Шевцов Павел Петровичтер ел басына күн туғанда бас қиындықты қайыспай көтереген сондай жігіттер. Өрімдей жас жігіттер аузынан ана сүті кетпеген балғын қыздар жауған оқтан тайсалмай жауынгерлік парыздарын абыроймен орындады. Врач Лидия Рахиманова, мед санитарка Вера Воронова, Мария Козяковалар да ерлерше күні түні демей соғыста болды. Белорус ССР ның астанасы Минск қаласын 3-июль күні аяқталды.

Минск қаласын азат етумен бірге Германияға жол ашылды. Семятичи қаласын 1 августта 1944 жылы Совет мемлекетінің шекарасынан шықтық. 108-ші атқыштар Бобруйск Ленин орденді Қызыл тулы 407 атқыштар полкінің бірінші батальоны шекарадан өтіп, Польша жеріне аяқ бастық. Польша халықтары біздің ержүрек жауынгерлерді қарсы алды. Жауынгерлердің алдынан гүл шоқтарымен қоса, көз жастарын төге қарсы алды. Отан үшін қасық қандарын қиған боздақтардың ержүректілігін әр уақытта кейінгі жастарымыз бен ұрпақтарымыз ардақтап өтсе екен дейміз.

Бобруйск шайқасынан бері 40 жылдай уақыт өте шықты. Мен 1969 жылдан бері Ұлы Отан соғысында бірге болған жолдастарыммен отанымыздың астанасы Москвада, Белоруссияда кездесіп тұрамыз. Батырлар жайлы талай көркем кітаптар жазылды, кинофильмдер түсірілді. Бүгінгі жас ұрпақ Ұлы Отан соғысының аса ірі операциясы жөнінде тек тарихи документтерден, кітаптардан ғана біледі. Біздер кешегі майдангерлер ұлдарымыз бен қыздарымыз, өскелең ұрпақ күні кешегі сұрапыл жылдардың ерлері. Отан үшін қасық қандарын қиған боздақтардың қаһармандығын үнемі ардақтап өтсе екен деймін. 18 бен 25-тің аралығындағы қаза тапқан жастар бүгінгі бақытты болашақ үшін көз жұмғанын ұмытпайық. Бобруйск батырларының даңқы арта берсін. Олардың даңқы мәңгі жасайды!

Қ.341 Т.1(ж) Б.9 Іс.181 П.1-11