Естеліктер / Бақбергенов Молдабай

Түменбаев Еркінбек

Ұлы Отан соғысының ардагері Түменбаев Еркінбектің естелігі:

-Мен Жамбыл облысы, Талас ауданы, Қызыл-әуіт ауылдық округінің бұрынғы Қызылту колхозының Тесіктастағы Жұмабай қыстауында 1922 жылдың 15-мамыр күні дүниеге келдім. Әкем Түменбай орта шаруа адамы болған. 1929 жылы мектеп есігін аштым. Ашаршылық салдарынан 1930-31 жылдары оқи алмадым. 1932 жылы 2 сыныпқа қабылдандым. 1935 жылы Ленин атындағы бастауыш мектепті өте жақсы аяқтадым. 1941 жылы Отан соғысы басталып кетті дағы 8 сыныпты оқи алмадым. 1941 жылы 1 қыркүйегінде сауатсыздықты жою туралы комсомол колхозында мұғалім болып қызмет атқардым. 1942 жылдың 17 қаңтарында Совет Армиясының қатарына мобилизация бойынша алынып, Петропавл қаласындағы номері 37-ші запасной полкта қаңтар-ақпан айларында әскери дайындықтан өтіп, сол 1942 жылдың сәуір мамыр айларында Қырымдағы Керчь қаласындағы соғысқа қатыстым. Әсіресе сәуір айының соңы мамыр айының ортасында Жетіқұдықтағы Семиколодец номері 384 атқыштар полкіндегі соғысқа қатысқан кезім өте ауыр болды. Мамырдың аяғына дейін немістер сомолетпенде, ауыр зеңбірекпенде оқ атып, қиын жағдай болды. Бір жарым ай бойы неміске берілмей, шабуылын қайтарып тұрдық. Мамыр айының аяғында армия түгелдей Қырымды тастап артқа шегінді. 1943 жылдың басында Тихоредский арқылы Қаратеңіз жағалауындағы бекініске келіп, орналастық. Номері 218-ші армиялық запасной полкке ауысып кеттім. 

1945 жылдың ақпан айында 2-ші Белорус майданы номері 57-ші дивизия 80-ші механикаландырылған полкте 57 мм танкке қарсы ататын батарияда соғысқа қатыстым. Немістің Лабес қаласын алуға, Эльба өзендерін алудағы соғыстарға қатыстым. 1945 жылы 8 май күні американың солдаттарымен бетпе бет келдік. Росток деген қалаға 13 км, Гамбург қаласына 30 км дей, қалғанда соғыс аяқталып, қуанышымызда шек болған жоқ. 1945 жылы маусым айынан, 1946 жылдың қараша айына дейін бұрынғы Германияның Бреслау қаласы маңында северная группа войск құрамында болып, әскери қызмет атқардым. Бірнеше рет номері 57-ші дивизияның командирі генерал мойоры Батовтан  номері 80-ші мехполктің командирі подполковник Лапиннен ауызша, жазбаша мадақтаулар алдым. 1946 жылдың 26-шы желтоқсанында демобилизация бойынша елге оралдым. Марапаттауларымда бар, 2-ші дәрежелі Отан соғысы  ордені, 1941-45 жылы Германияны жеңгені туралы медаль, 10-нан аса юбилейнік медальдарым бар. 1947 жылы Жамбыл қаласындағы педогогикалық училищиге түсіп, 1949 жылы бітіріп шықтым. Ал 1963 жылы Шымкент қаласындағы педогогикалық институтының 2 курсына түсіп, 1965 жылы математика мамандығын жақсы бітіріп шықтым. 1948-49 жылы оқу жылдарында Ленин атындағы бастауыш мектептің мұғалімі болып қызмет атқардым. Осы оқу жылының 1-ші наурызынан мектеп директоры болып қызмет атқардым. 1953-54 жылы оқу ісінің меңгерушісі болып қызмет атқарды. 1981-82 жылдары партия мен совет орындары тапсырған қызметтерді адал атқардым. Еңбектерім ескерусіз қалған жоқ. Көптеген марапаттаулар иесімін. Қазақ КССР-нің  оқу үздігі төс белгісімен, Лениннің 100 жылдығына арналған Қазақ КССР Оқу министірінің Құрмет грамотасымен, Жамбыл облыстық оқу бөлімінің 2 рет құрмет грамотасымен марапатталдым. Еңбек демалысына шыққаннан кейін 1982 жылы қыркүйек айынан 1992 жылдың жазына дейін Қызыл-ауыл ауылдық округінің соғыс және еңбек ардагерлерінің кеңес төрағасы болып қызмет атқардым. 1998 жылдан бері қарай жанұямызбен Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы және саясатына лайық шаруа қожалығын ұйымдастырып, 10 гектар суармалы жерді 288 гектар жайылымдық жерді игілігімізге пайдаланып отырмыз. Мемлекетке тиісті салық төлеймін. Кем балдар отбасына жәрдем беріп тұрдым. Аллаға шүкір 6 ұл-қызым бар. Олардан 20 немерем, 13 шөберем бар. Аллаға шүкір осылардың қуанышына бөленіп отырған жанмын.

03.02.2010 жыл.

Қ.341 Т.1(ж) Б.11 Іс.237 П.1-2